Ақсу қаласының №3 арнайы мектеп интернаты
Мәңгілік Ел - патриоттық актісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданды. «ҚазАқпарат» ХАА актінің толық мәтінін жариялайды.

 

«Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан Халықтың Мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ. Мәңгілік Ел - бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арттыратын идея, бұл - кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы...»

Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінен

2014 жылғы 15 желтоқсан

Біз, байырғы қазақ жерінде бір тағдыр және тарихи жад арқылы байланысқан, Ұлы Дала Елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін жалғастырған Қазақстан азаматтары, көптеген ұрпақтың Тәуелсіздік туралы арманын іске асырып, болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымызды, бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен тұтастықтың маңыздылығын сезініп, қоғам мен мемлекеттің жоғары мүдделерін негізге ала отырып, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі жылында осы

Мәңгілік Ел - патриоттық актісін

қабылдаймыз.

Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен жаңа Қазақстанның тарихын жазудың биік мәртебесі мен жауапкершілігі біздің ұрпақтың үлесіне тиді.

Елбасының маңына топтасу арқылы біз ұлы жетістіктерге толы жолдан өттік және бүгінде өзімізді Тәуелсіз Қазақстанның - қуатты әрі табысты мемлекеттің азаматымыз деп мақтанышпен айтамыз.

Біз, Қазақстан азаматтары, Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи «Тәуелсіздік толғауын» негізге ала отырып, Болашағы Біртұтас Ел - Мәңгілік Елді құру жолында біргеміз.

Мәңгілік Елдің өзегінде қарапайым, түсінікті және біздің әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар - отбасымыздың амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары орныққан.

Біз Мәңгілік Елдің мызғымас Жеті тұғы­рын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге шақырамыз.

Мәңгілік Ел, бұл-Тәуелсіздік және Астана.

Біз Тәуелсіздікті нығайтудың тарихи ұлы миссия­сына адал боламыз.

Біз Астананы халқымыздың гүлденуі мен қуа­тының жарқын белгісі ретінде әрқашан мақтан тұтатын боламыз.

Мәңгілік Ел, бұл - Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.

Біздің Отанымыз бір, ол - Тәуелсіз Қазақстан, біздің еліміз бір - тағдырымыз ортақ.

Бейбітшілік пен келісімнің ұлы ісіне адал халықтың ғұмыры мыңжылдықтарға жалғасады.

Мәңгілік Ел, бұл -Зайырлы Мемлекет және Жоғары Руханият.

Азаматтық және рухани құндылықтардың бірлігі бізге өз жолымызды табуға және өзімізді бүкіл әлемге мәшһүр етуге мүмкіндік берді.

Біз еліміздің бірегей рухани келбетін айқындайтын діндер мен өркениеттердің жаһандық үнқатысуын одан әрі жан-жақты дамытатын боламыз.

Мәңгілік Ел, бұл -Инновация негізіндегі тұрақты Экономикалық Өсім.

Біз мемлекеттің индустриялық және инновациялық күш-қуатын дамытып, табиғи ресурстар мен қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап, қоғамда білім мен ғалымдық культін елдің зияткерлік іргетасы ретінде бекітетін боламыз.

Мәңгілік Ел, бұл - Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.

Елдің барлық табыстары мен жетістіктері - барша қазақстандықтардың күн сайынғы қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Біз елдің әрбір азаматының жасампаздық әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасай отырып, еңбексүйгіштік және жауапкершілік, Еңбек Адамына құрмет сынды құндылықтарымызды нығайтамыз.

Мәңгілік Ел, бұл -Тарихтың, Мәдениет пен Тілдің ортақтығы.

Біз ортақ тарихи мұрамызды мұқият сақтайтын боламыз.

Біз Қазақстан халқының мәдени әралуандығын арттыра түсеміз.

Біз мемлекеттік тілді қоғамды біріктірудің негізі, үштілділікті Елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты ретінде дамыту қағидатын ұстанатын боламыз.

Біз - Үлкен Ел - Үлкен Отбасымыз.

Мәңгілік Ел, бұл - Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.

Біз өз жетістіктерімізді қорғауға тиіспіз.

Ұлттық қауіпсіздікті нығайту әрбір азаматтың, өз елі патриотының қасиетті парызы болып саналады.

Біз бейбітшілік пен келісім идеясын ілгерілете отырып, еліміздің халықаралық аренада мойындалған беделін нығайта түсетін боламыз.

Біз Мәңгілік Елдің қастерлі құндылықтарын басшылыққа аламыз.

Біз Отанымыздың көк байрағын асқақтата көтеріп, еліміз жеткен жаңа биіктерде желбірететін боламыз.

Бұл - біздің болашақ ұрпақ үшін, Қазақстан халқының амандығы мен гүлденуі үшін жасаған саналы таңдауымыз!

Біртұтас Еліміз - Мәңгілік Ел қуатты болсын!

Қазақстанның мәңгілік мекені - Ұлы Дала Еліне бата қонып, бақ дарысын!

Алға, Қазақстан!