Менің мамандығым – мақтанышым Жалелова Асем Ермековна

№3 арнайы мектеп-интернаты» КММ қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі

Менің ұстаздық қызметке келуім аяқ асты болған құбылыс емес. Шыр етіп жер бетіне келгенімнен бері, бесікте жатқан кезімді қоса алғанда ұстаз болу санама құйылған десем артық болмас, сірә. Анамның әлдиінен, тіпті сөйлеген сөзінен ұстаздықтың әуені естіліп, лебі сезіліп тұратын…

Мұғалімдік хикаямның бастауы сонау 80-ші жылдардың қаңтар айынан басталған еді. Жасым не бәрі үште болатын. Жасымды сұрағандарға үш саусағымды шошайтып көрсеткенімнен есімде қалып қойыпты.

…Қаңтар айының қақаған аязды бір күні анам мені өзінің жұмысына алып барды. Шардара орта мектебінің табалдырығын аттаған алғашқы күнім сол күн болды. Анам бастауыш сынып мұғалімі ретінде жұмыс істейтін. Үйде халат киіп, үй тәпішкесін киіп жүретін анам сыныбына барған соң әдемі көйлек, біз тұмсық, биік өкше аяқ киімін киіп, құлпырып шыға келді. Тақтаның алдында сабақ түсіндіріп тұрған сұлу анамды көріп мен осы мамандыққа ғашық болдым. Мен үшін ұстаздық пен сұлулық ажырамас бүтінге айналды. Осыдан кейін анамның аяқ киімдерін киіп алып айна алдындағы «шығармашылығымды» бастадым. Күн өткен сайын педагог мамандығана деген шексіз махаббатым мен құмарлығым арта берді…

Сол кезден бастап менің өмірдегі өз орным, Абай атамыз айтпақшы «кірпіш боп қаланатын орным» белгілі болған деп ойлаймын…

Кей кезде педагогика саласы ұлаң-байтақ еліміздің даласынан да, тіпті барлық ғаламшардан да кең сияқты болып көрінеді де тұрады маған. Бұл салаға келген адам тек жүрек қалауымен келуі керек. Жүрек қалауымен келген адам, «ұлағатты ұстаз» атты мәреге қиналмай жетері анық. Жүректің қалауына күні-түнгі еңбекті, ұшқыр ойды, жан-жақты ізденісті қоссаңыз жеңіс тұғырынан көріндім дей берсеңіз болады.

Ұстаздың басты мақсаты – білімді де алғыр ұрпақ тәрбиелеп, болашағымыздың жарқын, келешегіміздің кемел болуына өз үлесін қосу, себепкер болу. Әр оқушының жүрегін жандырып, алға деген ұмтылысын ұштау.

Ең бірінші, мен жүрек қалауыммен бұл мамандықты таңдадым. Бұл басты да, маңызды қадам.

Екіншіден, әр оқушыны өз баламнан кем көрмеймін. Оларға аналық махаббатымды, алақанымның жылуын беруге әрқашан даярмын. Жүрек жылуымен қатар жаңашылдықты да ұнатамын. Жаңашыл ұрпақ – жарқын болашақ!

Үшіншіден – мен елімнің патриотымын. Барлық Отансүйгіш азамат пен азаматша сияқты мен де өз елімнің болашағының зор, жоғары белестерге жеткенін қалаймын. Болашақтың білімді жас ұрпақтың қолында екенін білгендіктен, әр оқушының саналы, алғыр, білімді болып өсуіне ат салысуға тырысып келемін.

Үш саусағымды шошайтып көрсететін үш мақсатым осылар.

Оқушының қызығушылығынын оянғанын, қандай да болмасын ақпаратты көздері жанып, шын көңілімен тыңдауынан білесің. Көз жанары тұтанған баланың, жүрек отын да үрлеп жағу қиын болмас. Бірақ, ол үшін екі жақта еңбектену, талмай-тыңбай, жатпай-тұрмай еңбектену керек. Ұстаздың да, оқушының да еңбегі болу керек. Сол тұрғыда еңбектеніп келе жатырмын және күш-жігерім сарқылғанша еңбектене беремін де…

«Әр адам өз өмірінің ұстасы»… Десек те, бала өмірінің ұстасы – ұстаз ба деп қаласың. Біздің берген білім мен тәрбиенің арқасында, оқушы өз өміріне керегін алады және сол нұсқалған жолмен жүруге тырысады.

Ұстаздың тағы бір рөлі ата-ана – бала – ұстаз үштігінің мықты болуын қадағалау. «Жаман оқушы болмайды, нашар ұстаз болады» деген нақыл сөз бар. Сондықтан, әр баланың жүрек түкпіріндегі сырды түсніп, алаулаған жалыннан от шығару біздің міндетіміз!

Маманыдығым мақтанышым, мәртебем, бақытым!

Әр ұстаздың алар асуы мен жетер белестері көбейе берсін. Еңбегімздің марапаты ретінде оқушылармыздың биік шыңнан көрінуіне куә бола берейік.

Ойымды түйіндей келе жүрек жарды мына өлең жолдарын жазуды ұйғардым:

Ұстаздықты жүрегіммен қаладым,

Білім нәрін төгу үшін жаралдым.

Оқушының көрсем көзі жалының,

Мен де бірге өртенемін, жанамын!

Қандай бақыт ұстаздықты тізгіндеу,

Әр сөзің мен әр ойыңды сүзгілеу.

Ұрпағыңның болашағы үшін деп

Күні-түні еңбектеніп, көзді ілмеу!