Саусақ ойыны– бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан, әрі үлкен мәні бар мәдени шығармашылық. Саусақ ойыны-саусақтардың көмегімен қандай да болмасын ертегіні немесе өлең-тақпақ шумағын сахналау болып табылады.
Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген талпынысы, қабілеті дамып, ынтасы артады және шығармашылық әрекетіне жол ашады. Саусақ ойынын ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды және ағаштарды бейнелей алады.
Саусақтарының қозғалыс- қимылына қарап бала қуанады, шаттанады, сөзді айтуға тырысады және өлеңдегі үйренген сөз шумақтарын қайталап айта отырып, есінде сақтайтын болады. Сонымен қатар балалар екі қолын қимылдата отырып, оң, сол, жоғары, төмен т.б. түсініктерді бағдарлай алуды үйренеді.
Ал тіл кемістігі кездесетін балалардың жалпы қимылдары, соның ішінде саусақ бұлшық етінің қимылдары жеткілікті деңгейде дамымайды.
Сөйлеу тілі мүшелері әрекетінің қозғалуларының дамуы қол саусақтарының нәзік қимылдарының дамуымен тығыз байланыста болғандықтан, бала қолының ептілігін толық жетілдіру, түзету- тәрбие жұмысын жүйелі жүргізуді қалайды. Саусақ ойынын мектепте және үй жағдайында әсерлі, көңілді түрде ұйымдастыруға болады. Алдымен балаларға саусақ ойыны түсіндіріледі, әр қимылы көрсетіледі.
Мысалы: «Саусақтар сәлемдеседі» ойынын алайық. Мұнда бас бармақ ұшы әр саусақтың ұшымен кезекпен түйіседі.
«Адамдар келеді». Оң қолдың сұқ саусағы мен ортаңғы саусақтарын жүгірген тәрізді етіп қимылдатады. Сонымен бірге халық арасында кеңінен тарап жүрген «қуырмаш» ойыны да саусақтардың нәзік қимылын жетілдіруге бағытталған.
Балалар осындай саусақ ойынын ойнай отырып, өлең шумағын қызыға айтады. Мысалы, «Моншақ».
Қызыл-сары көк моншақ.
Мен жасаймын көп моншақ.
Мұнда қатар екі қолдың бас бармағымен сұқ саусақтарының ұшын түйістіре отырып, моншақ тәрізді бейнелейді, әрі оларды тізбектеп жасау балалар үшін өте қызықты әрекет, әрі қол бұлшық етін дамытуға үлкен көмегін тигізеді.
Сонымен саусақ ойындарын жүргізу арқылы балалардың саусақтарының нәзік қимылдары мен бұлшық еттерінің жетілуімен бірге, олардың сөйлеу тілі мен ойлау қабілеттері дамитын болады және кейін жазу шеберлігін ойдағыдай меңгеруіне дайындайды.
Біз балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр-түсі және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретеміз.
Саусақ ойындарын әсерлі, көңілді түрде ұймыдастыруға болады.
Мысалы: «Шынжыр». Оң және сол қолдағы бас бармақ пен балан үйрек саусақтары түйісіп, жүзіктер секілді айқасып, шынжыр жасайды.
«Піл». Оң қол алақаны жайылып тұрады. Сол қол саусақтары бас бармақ пен кішкене бөбек артқы аяғы болса, баланүйрек саусақ пен шылдыршүмек саусақ алдыңғы аяқтар,ал ортаңғы саусақ пілдің тұмсығы.
Доп. Алақандар бір-бірімен жабысады (доп пішінін жасайды)
«Гүл». Қолдар, саусақтар жоғары қарайды. Алақандар айшанақпен қосыла түптері өзара жанасады, Саусақтар ашылады.
Осы жаттығуларды орындай отырып, мына өлең жолдарын айтады:
Саусақтар шынжыр болады,
Үзілмейді тартсаңда.
Ал, піл келіп шынжырды,
Үзіп кетті басқанда.
Тұмсығымен доп іздеп,
Ойнағысы келіп тұр.
Достық үшін пілге мен,
Гүл сыйлағым келіп тұр.
Балаға қарама-қарсы отырып,педагог көрсетіп отырады, қолдарды құлыпқа ұқсатып түйеді. Саусақтарын кезек-кезек создыра көрсетіп, «Кел,санайық санамақ, саусақтарға қарап ап. Басбармақ, Балан үйрек, Ортан терек, Шылдыр шүмек, Кішкене бөбек.» Бала қозғалыстарды қайталайды.
«Саусақтар жүреді»
Екі саусақпен 5-ке дейін тура және кері санап, алға-артқа жүреді.
Құстар қанат қағады .
Құстар ұшып барады,
Көкте қанат қағады.
Барлық құстар қосылып,
Шиқ-шиқ-деп, ән салады.
«Қимылдарды қайтала» жаттығуы.
Балаларға қарама-қарсы отырып, саусақтарымен кез-келген фигураны көрсетеді ( кейбір саусақтар бүгулі, ал кейбіреуі түзу, әртүрлі қимылдар). Балалар сол қимылдарды тура солай қайталау керек. Саусақ ойындарын сергіту жаттығуларын үнемі пайдаланған дұрыс. Нәтижесінде балалардың тілі, қимыл-қозғалысы мен икемділігі айтарлықтай дамиды.