Сөздің буындық құрылымын қалыптастыру – логопед жұмысындағы күрделі және маңызды міндеттердің бірі. Егер бала әріптерді өткізіп, буындарды ауыстырса, өз ойын жеткізуі, басқа балалармен араласуы, оқу мен жазуды үйренуі қиынға соғады.
Сөздің буындық құрылымын қалыптастыру
1. Ойындар, есту зейінін және есту жадысын дамыту жаттығулары, фонематикалық естіп қабылдауын дамыту.
2. Лексикалық бірліктердің реттілігін жаңғырту және қабылдау дағдысын дамытуға арналған жаттығулар.
3. Сөздің әр түрлі буындық құрылымын қабылдауға және сөйлеуге үйрету ойындары.
Сөздің буындық құрылысын тексеру:
Тексеру барысында сөздің буындық құрамын тексеруге ерекше көңіл бөлінеді. Сөздің буындық құрамының бұзылуының төмендегідей түрлері кездеседі:
— буын санының қысқарылуы (бапан-балапан);
— буындарды жеңілдету (үтель-үстел);
— буын қосу (қарағаш–қарағағаш);
— буындарды ұқсастыру (рарамал-орамал);
— буын, дыбыстардың орнын ауыстыру (ас-қа-бақ – аспабақ).
Кейбір балалардың сөздің буындық құрылысының бұзылатындығы байқалады. Бұндай балалар сөйлеу тілінде сөздің дыбыстары мен буындарының орындарын ауыстырып шатастырады немесе мүлдем айтпай түсіріп қалдырады немесе керісінше артық дыбыстарды және буындарды қосып алады. Мысалы, “ескек” сөзін “екесек” деп, “кітап” — “каптап”, “бұтақ” — “бақ” деп өзгертеді. Осының барлығы сөздің құрамындағы буындардың және дыбыстардың шатасып, сөздің буындық құрылысының бұзылғандығын көрсетеді. Бұндай жағдайлар әсіресе үндестігі жағынан ұқсас дыбыстардың қатар келуінің салдарынан немесе қос сөзден құрылған күрделі тіркестердің қиындығынан жиі болады.
Сондықтан баланың сөйлеу тілін тексерген кезде берілетін тапсырмадағы сөздерді үндері ұқсас дыбыстардың, сөздердің, қос сөзді қиын тіркестердің, сөздің басында, ортасында, соңында дауыссыз дыбыстардың қатар келіп айтылуын қиындататын құрылысы әр түрлі буындардан тұратын сөздерден іріктей білу қажет. Бала алдымен бейнелі суреттегі көрсетілген оқиға желісін өз сөзімен өз бетінше айтып береді, сосын айтқан сөзін қайталайды. Балаға берілген бейнелі суретте тексеруге пайдаланатын сөздер көптеп кездесетін болу керек. Мысалы, кітап, дәптер, ескек, милиционер, шар, бұтақ, бала, тарақ, жапалақ, теңіз, терезе, бүлдірген, қарлығаштар, т.б.
Дыбыстардың дұрыс айпауын, бұрмаланған сөздерді жазып алады. Құрылысы бұзылған сөздер мен буындардың түзетілуі жеке дыбыстардың айтылуындағы ақаулықтарға қарағанда біраз қиындыққа түседі және әжептеуір ұзаққа созылады. Балада бұндай ақаулықтардың жиі болуы оның жалпы сөйлеу тілінің толық дамымағандығын көрсетеді.