Фонематикалық естіп қабылдау процесін дамытуға арналған ойындар

Фонематикалық қабылдауды дамыту, тілдің фонетикалық жағының қалыптасуына жағымды әсер ететінін көптеген тәжірибелер дәлелдейді. Дыбыс түзетудің тұрақтылығы, алдын ала фонематикалық қабылдауды қалыптастырған жағдайда жүзеге асады. Нәтижесінде бұл баланың жазуды меңгеруіне де жағымды әсер етеді. Дыбыс айту кемшіліктерін түзетпес бұрын, көптеген зерттеушілер (Р. Е. Левина, Г. А. Накашина, Р. М. Боскис, Г. А. Каще және т.б.) фонематикалық қабылдауын дамыту кезеңіне көп көңіл бөлген, яғни тілдік дыбыстарды қабылдау, ажырата білу қабілеттері.

Дыбыстарды ажырату қабілеттерін дамыту бойынша логопедиялық жұмыстарды алты кезеңге бөлуге болады:

  1. Тілдік емес дыбыстарды тану;
  2. Бірдей сөздер, фразалар, дыбыс жинақтарын және дауыстың дыбыс жоғарылығы, күші, тембрі бойынша ажырату;
  3. Дыбыстық құрамы бойынша жақын сөздерді ажырату;
  4. Буындарды ажырату;
  5. Дыбыстарды ажырату;
  6. Қарапайым дыбысты талдау әдеттерін дамыту.

Балаларда фонематикалық қабылдауды дамыту, жоғарыда көрсетілген әр кезеңде логопедиялық әсер етудің қалай жүргізілетінін толығырық айта кетсек.

Бірінші кезеңде арнайы ойындар мен жаттығулар арқылы балалардың тілдік емес дыбыстарды тану және ажырата білу қабілеттері дамытылады. Сонымен қатар балалардың есту зейіні және есту жады да дамытылады (онсыз балаларға дыбыстарды ажыратуды сәтті үйрету мүмкін емес).

Бірінші сабақтарда логопед балаларға терезенің ар жағында қандай дыбыстар естілетінін сұрап, сұрақтарға жауап беруді сұрайды:

Не нәрсе шуылдайды? (ағаштар)

Не нәрсе гүрілдейді? (көлік)

Кім шулап жатыр? (бала)

Кімдер сөйлесіп жатыр? (адамдар)

Кім күліп жатыр? (апай). т.б.

Сонымен, дыбыстарды ажыратуға арналған келесі ойындарды жүргізуге болады:

1-ойын. Балалар шеңберге тұрады. Логопед ойын-жүргізушісіне білдірмей арттарынан қоңырауды бір-біріне беруді ұсынады. Қоңырау щеңбердің әр жерінде шырылдау керек. Ойын-жүргізуші қоңырау үнінің қай баланың артынан шыққанын тауып алып көрсетуі керек.

2-ойын. Логопед үстелдің үстіне үлкен және кіші көлемдегі екі қоянның ойыншығын қояды. Үлкен, күші көп қоян дауылпазда қалай ойнайтынын (қатты дүрсілдетіп), және кішкентай қоян (жай дүрсілдетіп) дауылпазда қалай ойнайтынын көрсетіп түсіндіреді. Сосын ойыншықтарды шымылдықпен жауып, соның артынан біресе қатты, біресе жай дауылпазға дүрсілдеген дыбыстар естіледі. Балалар қояндардың қайсысының ойнағанын тауып алып көрсетулері керек. Ойынды басқада көлемдегі ойыншықтармен алмастырып,түрлендіруге болады.

3-ойын. Логопед үстелдің үстіне бірнеше заттарды қояды (немесе дыбысталған ойыншықтарды). Заттармен әр түрлі күрделі қимыл әрекеттер жасап(қарындашпен стақанды тарсылдату, қораптағы ұсақ заттарды, сылдырмақты сылдырлату), балаға заттарға мұқият қарап, әр заттың қандай дыбыс шығаратынын есте сақтауын сұрайды. Әрі қарай заттарды шымылдықпен жауып, оның артында заттардың қайсысының дауысы сылдырлап немесе тарсылдап жатқанын тауып алуды сұрайды. Бұл ойынды түрлендіруге болады: заттардың санын көбейту арқылы(бес заттан аспауы керек), заттарды,ойыншықтарды ауыстыру арқылы балалардың тілдік емес дыбыстарды ажырату тапсырмаларын бірдіндеп күрделендіруге болады. Қорытындылау ретінде дыбыстарын ажырату қиындау заттарды беріп ойынды түрлендіруге болады. Мысалы, стақан, шыныаяқ, металл саптыаяқ, керамикалық саптыаяқ және кішкене ағаш бөшке.

4-ойын. Логопед балаларға түрлі заттардың қандай дыбыстар шығаратынын көрсетеді: жерге ұрылған доп; шыны банкіде, керамикалық саптыаяқта домалаған кішкене шар; мыжылған газет; жыртылған қалың қағаз; орындықты орнынан жылжыту және т.б. Кейін осы іс-әрекеттерді басқа реттілікпен шымылдықтың артынан жасап, балаларға не естігіндерін нақты және толығырақ суреттеп айтып беруін сұрайды.

Сабақтың екінші кезеңінде балаларға дауыстың жоғарылығына, күшіне, тембріне бағдар жасай отырып, бірдей сөздерді, дыбыстарды ажыратуға үйретеді.

Мынадай ойыннан бастауға болады. Балалар ойын-жүргізушілермен ауыса отырып, ойын-жүргізушісі, балаларға артымен тұрып, артынан оның есімін кім атағанын анықтауы қажет. Сосын ойын күрделендіріледі: енді балалар ойын-жүргізушісінің есімін атамай, тек «ау» деген бір сөзді қайталайды, ойын-жүргізуші бұл сөзді кім айтқанын тауып алуы қажет. Және соңғы, бұл ойынның күрделендірілген түрі ойын-жүргізуші «ау» деген сөзді біресе жай, біресе қатты айтады, ал балалар оның алыстан немесе жақыннан шақырып жатқанын тауып алулары керек. Кейін балалардың әрқайсысы «ау» сөзін логопедтің сөздеріне байланысты,біресе жай, біресе қатты айтып шығады: «Бала сенен ұзаққа кетті» немесе «Ол жақында тұрып сені шақырып жатыр».

Сонымен қоса, дауыстың жоғарылығын, күшін, тембрін ажыратуға байланысты мынадай ойындарды өткізуге болады.

1-ойын. Логопед балаларға ойыншық мысықты көрсетіп, мысық алыста және жақында тұрған қалпында қалай мияулайтынын мұқият тыңдап, есте сақтауын сұрайды. Сосын ол дауыс күшін алмастыра отырып, «мияу» деп айтады, ал балалар мысықтың алыста немесе жақында мияулағанын тауып алулары керек. Ойынды күрделендіруге де болады: балаларға дауыстың ерекшеліктері мен тембріне байланысты мияулағанды ажыратуды сұрайды. Мысалы, мысық өте кішкентай және күшіктен қорқады, сондықтан аянышты, дірілдеп мияулайтынын логопед балалаға түсіндіруі керек. Балалар кезекпен мысықтың әр түрлі қалпын суреттей мияулай бастайды, ал ойын-жүргізушісі оның «көңіл-күйі» қандай екенін тауып алады. Бұл ойының кейбір түрінде балалар дыбыстарды ажырату үйренеді, мысалы, кеменің алыс немесе жақын жерде гуілдегенін, қатты және жай дыбыс «у-у-у»; қандай сыбызғы ойнап жатқанын-кішкентай немесе үлкен, төменгі және жоғарғы «у-у-у» дыбысы: жылап жатқан қыз бала ма, әлде ұл бала ма, төменгі және жоғарғы «а-а-а» дыбысты және т.б.

2-ойын. Логопед суретте немесе ойыншықтар арқылы үлкен, орташа және кішкентай түрі бейнелеген үш аюды көрсетеді. Сосын үш аюға байланысты қысқа ертегі айтылып, ертегіні айту барасынында жоғарғы, орташа және төменгі дауыспен әр аюдың айтқан сөзін сәйкесінше дауыстармен айтулары керек. Балалар аюлардың ертегіде қалай сөйлеулері мүмкін екенін тауып көрсетулері керек.

3-ойын. Балаларға үй жануарлары мен олардың төлдерінің бейнелері бар суреттер таратылады: сиыр мен бұзау, ешкі мен лақ, қой мен қозы және т.б. логопед дыбыстарды біресе жоғары біресе төмен дауыспен еліктеп айтады («му-у», «бе-е» т.б.). балалар дауыстың жоғары, төмендігіне қарай сәйкес суреттерді көрсетулері керек.

Сабақтың үшінші кезеңінде балалар дыбыс құрамы бойынша жақын сөздерді ажыратуды үйренеді. Осы мақсатқа сай басында мынадай ойын жүргізіледі. Логопед балаларға суретті көрсете отырып, қатты және анық «вагон» дейді.сосын балаларға «мен қазір мына суретті біресе бұрыс, біресе дұрыс айтамын. Ал, сендер мұқият тыңдап, мен қате айтқан кезімде алақан шапалақтаңдар» дейді. Логопед: «вагон-вакон-фагон-вагом» т.б. балалар қате айтылған сөздерді естісе, қол шапалақтаулары керек. Ескеретін жайт, басында дыбыс құрамы бойынша жеңіл сөздер айтылады, біртіндеп олар күрделенеді. Сөздегі дыбыстарды ажыратуға байланысты мынадай ойындар өткізуге болады.

1-ойын. Логопед дыбысталуы бойынша бір біріне жақын сөздері бар суреттерді құрастырма матаға орналастырып қояды. Мысалы, лас,тас,қас,бос,ала, бала, қала, дала,сала, соқ, шоқ, тоқ, жоқ,сол,қол,жол,мол және т.б. сосын логопед белгілі бір ретпен 3-4 сөзді оқиды, ал балалар сол сөзге сай суретерді таңдап алып, логопед оқыған ретпен қойып шығуы керек: логопедтің нұсқаулығы бойынша бір сызыққа немесе бір бағанаға.

2-ойын. Логопед құрастырма матаға бір сызықпен келесі суреттерді орналастырады: қол, ара, бас, жапырақ, бала. Балаға құрастырмаға сәйкесінше суреттер беріліп, сол суреттерді дыбысталуы бойынша жақын сөздерге сай бірінің астына бірін орналастыру керек. Нәтижесінде, құрастырмада мынадай ретпен құралған суреттер қатары шығу керек:

Қол

Сол

Жол

Мол

Ара

Қара

Дара

Жара

 

Бас

Қас

Жас

Лас

Төртінші кезеңде балалар буындарды ажыратуды үйренеді. Мынадай ойыннан бастаған жөн. Логопед бірқатар буын қатарларын айтып шығады, мысалы, «на-на-на-ПА», ал балалар қай буынның артық екенін анықтаулары керек. Сосын буындар қатары күрделендіріледі: «на-НО-на», «ка-ка-ГО-ка», «па-па-Ба-па» т.б.

Бесінші кезеңде ана тілінің фонемаларын ажыратуды үйренеді. Әрі қарай дауысты дыбыстарды дифференциялаудан бастаған жөн. Мысалы, мынадай ойын. Логопед балаларға пойыздың, қыз баланың, құстың бейнесі бар суреттерді таратып: «пойыз «у-у-у» деп гуілдейді, қыз бала «а-а-а» деп жылайды, құс «и-и-и» деп сайрайды» түсіндіреді. Сосын ол бұл дыбыстарды алдымен созыңқырап, кезек-кезек айтады: «а-а-а-а-а», «у-у-у-у-у» немесе «и-и-и-и-и», ал балалар дыбысты ести отыра, сәйкес сурет бейнелерін көтереді. Бұл ойынды келесідей күрделендіруге болады. 1) логопед «а», «и», «у» дыбыстарын қысқа ғана айтады; 2) суретердің орнына үш түрлі-түсті дөңгелектер беріледі, ал логопед «а» дыбысын айтқан кезде қызыл, «и» дыбысында –сары, «у» дыбысында –жасыл түсті көтеру керек екенін айтып түсіндіреді; 3) сонымен қоса, «о», «ы», «э» дыбыстарын қосуға да болады, бұл кезде балалар еш қимыл жасамаулары керек.

Алтыншы кезеңнің мақсаты-балаларда қалыпты дыбысты талдау қабілеттіліктерін қалыптастыру болып табылады. Бұл жұмыс сөздердегі буын сандарын анықтаудан басталады(екі немесе үштен көп болса, қол шапалпақтау арқылы). Логопед балаларға буын сандары әр түрлі сөздерде қалай қол шапалақтау керек екенін, сонымен қоса екпінді буынды қалай бөлу керек екенін көрсету керек. Сосын логопед әр түрлі сөздер беріп, оны қол шапалақтау арқылы буынға бөліп жаттығып үйренеді. Одан кейін дауысты дыбыстарға талдау жүргізіледі. Әрі қарай балаларға бірнеше бір түсті дөңгелектер таратады. Логопед бір, екі немесе үш дауысты дыбыстарды, мысалы, «а», «ау», «иоу», «о» т.б. оқиды, ал балалар үстелге қанша дыбыс оқылса, сонша дөңгелектерді қояды.

Дауысты дыбыстардан кейін дауыссыз дыбыстарды талдауға көшеді. Әрі қарай дыбыстарды талдау икемділіктерін дамыту жұмыстарын Г. А. Каше құрастырған әдіс бойынша жүргізген жөн .

Алдын ала логопедиялық тексеру барысында артикуляциялық аппараттың құрылысы мен икемділігінің бұзылулары байқалады. Мұндай кездерде фонематикалық қабылауды дамыту жұмыстарымен қоса, артикуляциялық гимнастика(дайындық жаттығулары) өткізіледі. Артикуляциялық гимнастиканың мақсаты дыбысты дұрыс айтуға қажетті артикуляциялық мүшенің толыққанды қозғалысын келтіру. Ережеге сүйенсек, тек белгілі дыбысты қоюға қажет, қозғалыс бұзылысы бар мүшені жаттықтырған жөн. Барлық артикуляциялық гимнастика жүйесін екі жаттығуға бөлуге болады: статикалық және динамикалық. Статикалық дайындық жаттығуларына: «Күрекше», «Тостағанша», «Ине», «Сырғанақ», «Түтікше»;ал динамикалық дайындық жаттығуларына: «Сағат», «Ат шауып барады», «Әткеншек», «Тәтті тосап», «Жылан», «Сылақшы», «Шарғы», «Саңырауқұлақ» жаттығулары жатады.

Қорыта айтқанда, фонематикалық қабылдау бұл фонемаларды ажырата алу және тілдің дыбыстық құрамын анықтай білу. Ерте жастан мектепке дейінгі балаларда сөйлеуді қалыптастыру бір жағынан фонематикалық естуін дамуымен, бір жағынан лексикалық-грамматикалық кезеңінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Сондықтан да, баланың дыбыс айту кемшілігі ерте жастан, өз уақытында және нәтижелі түзетілсе, мектеп кезеңіндегі оқу және жазу қабілетін меңгеруінде айтырлықтай орын алады.