Ұлттың ұлылығын көрсететін тілі мен әдеп-ғұрпы, мәдениеті, діні.Ұлттар бір-бірінен тілі, жері, әдеп-ғұрпы арқылы ерекшеленеді. Яғни, тіл-ұлттың жүрегі, барлық тыныс-тіршілігі, өткені мен бүгіні, келешегі.Қазақ халқы мыңдаған жылдық тарихы бар ел болғанына қарамастан, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына көп уақыт болған жоқ.1989 жылы 22 қыркүйекте қазақ тіліне мемлекеттік статус берілген болатын. Бар болғаны 31 жыл ішінде қазақ тілі әртүрлі қырынан танылып, бәсекеге қабілетті, жаһандық тілдер көшіне қарай жылжып келеді.
Қазақ тілі-төрткүл дүниенің төрт бұрышына түгел тараған, түркілік тұрпатын сақтаған, түркілер қарашаңырағында қалған, тамырын тереңге жайған қасиетті де , қастерлі тіл.
Қазақ тілі- ядролық қарудан бас тартқан, бейбітшілік сүйгіш, 130 астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін Қазақстан атты тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі.
Қазақ тілі-Орта Азияның жүрегінде, ұлы түркілер қарашаңырағында қалған, Мәңгілік ел болуды мұрат еткен Қазақстанның ғылым, спорт, саясат пен мәдениетінің тілі.
Тіл-адамдар арасындағы қатынас құралы.Тіл- адам ойын жетілдіруші, әлемді қоғамды танытушы ұстаз. Тіл арқылы әр адам өз ойын, өз пікірін жеткізе алады, қоршаған ортамен қарым-қатынысқа түседі, тәрбиеленеді. Мектеп мұғалімдерінің негізі міндеттерінің бірі– оқушыларды жүйелі сөйлеуге үйрету және машықтандыру. Демек, тіл дамыту жұмысы мектепте үздіксіз және мақсатты түрде жүргізіледі.Тіл мүкістігі бар балалармен жұмыс жүргізу халқымызда ерте кезден-ақ қолға алынған. Мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар айтқызып, үй жағдайында көнекөз қарияларымыз-ата-әжелеріміз мұндай кемшіліктерді ана тіліміздің құдіретімен шешіп отырған.
Қазақ балалар әдебиетінің және қазақ педагогикасының атасы, Ы.Алтынсарин ана тілінің тазалығы мен сөздердің дұрыс қолдануына үлкен мән беріп, бала тілін сөздік қорын дамыту арқылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап көрсеткен. Ағартушы «Қазақ христоматиясы» еңбегін де осындай мақсаттарға байланысты жазған болатын. Ал А.Байтұрсынов тіл мәдениетіне, тілдің қисынды болуына мән берген. Ал М.Жұмабаев тілге қатысты «Тілсіз ұлт,тілінен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып, жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ» -деп атап көрсеткен.
Қазақ тілі-ұлттық тәрбиенің, адами қасиеттердің қайнар бұлағы. Бұл орайда, қазақ әдебиеті соның ішінде тұрмыс-салт жырлары-тамаша тәрбиенің тынық мұхиты деуге болады. Бұған дәлел, халық ауыз әдебиетінің бір түрі –ертегілер арқылы баланың дүниетанымын, тілін дамытып, оның үлкен жетілген азамат боп шығуына ықпал жасай аламыз. Яғни, жас бала жамандық пен жақсылықты, жомарттық пен сараңдықты, батырлық пен қорқақтықты, арамдық пен адалдықты ертегі кейіпкерлері арқылы танып біледі. Халқымыз балаға деген ыстық сүйіспеншілігін, жұмсақ лебізін, жылы жүрегін, тәтті қиялын өлең-жырмен жеткізген. Жас нәрестенің дүниеге келуін қуаныш еткен. Баланы жұбату, ойнату, тәрбиелеу, мақсат-тілектерін өлең-жырлармен кестелеген.Ал, халық ауыз әдебиетін жастайынан естіп өскен бала, өсе келе оны сүйіп оқып, қызыға тыңдайтын болған. Оқушының сөздік қорын байыту,біртіндеп оны дамыту тілдің байлығын ұғынуға жетектеуді қажет етеді. Оқушының алғашқы кезден бастап ойын жеткізуге мағыналас сөздердің ішінен ойын дәл білдіретін сөзді таңдай білуге үйрету керек. Сондықтан бастауыш сыныптарында синоним, антоним сөздерге тиісті орын берілген.
Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып, оны мектепте жүйелі түрде оқыту қазір күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналып отырған кезде оқушының тілін байыту өте қажет болып отыр. Орыстың ұлы педагогы К.Ушинский ана тілінің білім алудағы асыл қазына екендігін айта келіп: ”Өзінің ана тілінің мазмұнын мағынасын жете түсінбеген, оны жазбаша сөйлеу дағдысын дұрыс түсінуге қабілеті болмайды, ол бүкіл өміріне зиян келтіреді”-деген еді.Сондықтан К.Д.Ушинский ана тілін оқыту арқылы баланың ой өрісін кеңейтіп отыруға қол жеткізетіндігімізді айтқан. Оқушының бәрі бірдей бола бермейді. Бастауыш сыныптарда, немесе тіл интелектісі кенже қалған оқушылармен жұмыс жүргізудің әртүрлі тәсілдері бар:
монологтік оқыту; диалогтік оқыту. Көп жағдайда мұғалім оқушылардың сөздік қорын дамытуда антоним сөздерді айтқыза оқытып сөйлеу ерекшеліктерін дамыту мүмкіншіліктеріне қол жеткізе алады.Ал енді тіл мүкістігі бар оқушылар етістіктерді көп қолданбайды Керісінше, ондай оқушылар сөйлеу барысында үнемі зат есімдерді қолданады.
Қазақ тілі-ғажайып тәрбиенің, терең білімнің бастауы.Қазақ тілінде оқыту сөздерді дұрыс айтқызып машықтандырудан басталады. Сөз-айналамыздағы заттар мен құбылыстардың атауы.Сөз дыбыстардан, буындардан құралады. Қазақ тілін оқытуда пән мұғалімдері оқушыға лексикалық, фонетикалық, грамматикалық білім қалыптастыруды мақсат ете жұмыс жасайды.
Сөз-адам ой-өрісінің айнасы. Бұл ретте ұлы Абайдың
Кісіге қарап сөз алма,
Сөзіне қарап кісіні ал»-деген өлең тармақтары ойға оралады. Адамның сөйлеуі екі түрлі жолмен жүзеге асады: ішкі оймен сөйлеу, сыртқы сөйлесу. Осы екі сөйлеу формаларын дамыту, сөз мәдениетін қалыптастыру, оқушылардың сөздік қорын арттыру, сөз саптау шеберліктерін дамыту –бүгінгі қазақ тілі мұғалімдерінің негігі көздеген мақсаттары боп табылады.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, әлемдік білім мұхитында еркін жүзетін , бәсекеге қабілетті, лингвистикалық құзіреттілікке ие, ұлттық құндылықтарды бойға сіңірген азаматтарды тәрбиелеп шығару қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің еншісіндегі аса жауапты міндет демекшімін.
«№3 арнайы мектеп-интернаты» КММ-нің
қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі,
Майя Зикеновна Акетова