Тәрбие сағаты
Мақсаты:
Білімділік – оқушылардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық білім әр адамның ісі екенін ұғындыру.
Дамытушылық – оқушылардың ой -өрісін дамыту, белгілі бір пікір айтуға, тұжырым жасауға үйрету, есте сақтау қабілетін жетілдіріп, сөздік қорын молайту.
Тәрбиелік – оқушылардың бойына құқықтық, патриоттық, адамгершілік тәрбиені сіңіру.
Көрнекілігі: слайдтар, плакат, стикерлер
Сабақтың барысы:
I.Ұйымдастыру . Психологиялық ахуал орнату.
Құқық деген:
Ұстам,
Құрмет,
Ырыс бұл.
Қоғамдық күш, жанға қуат
Тыныс бұл.
Ынтымақ пен бірліктің де кепілі,
Құқық сыйлап дұрыс жүріп,дұрыс тұр.
Кіріспе
– Әрбір адам өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын заңдарды білу керек. Сондай-ақ заң адамға міндеттер жүктейді. Адам басқалардың құқықтарын бұзбауы, олардың өміріне, денсаулығына, ар-намысына қол сұқпауы керек.
– 18 жасқа толғанға дейінгі әрбір адам бала болып саналады.Бұл туралы бала құқығы туралы Конвенциясының бірінші бабында айтылған.
Бала құқығы туралы мына заңдарда кеңінен айтылады: «Бала құқығы туралы конвенция», «ҚР конституциясы», «Азаматтық кодекс», «Неке және отбасы туралы заң», «Бала құқығы туралы декларация»
«Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды»
Б.Момышұлы.
«Балам бол, басқа бол-бәріңе заң біреу-ақ»,
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ»
Жүсіп .Баласағұн
Заң сөздікшесі
Декларация- тараптар мақұлдаған жалпы принцитер мен мақсаттарды қалыптастыратын салтанатты акт
Конституция – конституциялық құрылысты бекітетін, адам мен азаматтың
құқығы мен еркіндігін бекітетін,мемлектеттік биліктің федеральдық органдарын тағайындайтын негізгі құрылтайшы саяси- құқықтық акт.
Міндет – адамдар бұлжытпай орындауға тиісті тәртіп пен қарым-қатынасқа қойылатын талап
Мораль- адамның іс-әрекетін қайырымдылық пен зұлымдық, әділдік пен әділетсіздік және т.б. тұрғысынан реттеп отыратын нормалар мен принциптер жүйесі.
Құқық- қоғамдағы адамдардың өзара қарым- қатынасын реттеп отыратын
мемлекет белгілеп, қорғайтын нормалар мен ережелер жиынтығы, осы нормаларды
зерттейтін ғылым
– Әрбір адам өзінің құқықтарын білу үшін заң тұрғысынан сауаттылыққа үйренуіміз керек.
– Енді – балалар, сахналық көріністі тамашалап жіберейік.
Автор: оқу жылының 1-ші күні 2-ші сынып оқушылары өздеріне бөлінген сынып бөлмесіне кіріп, 1-ші сыныпта отырған орындарына жайғасқан болатын. Бір уақытта ойына не түскені белгісіз Нұртілеу орнынан атып тұрып, артта отырған Аңсардың орнына таласты.
Нұртілеу: Аңсар, сен бұл партадан тұр, бұл жерге мен отырамын.
Аңсар: Неге?
Нұртілеу: Сол, тұр дедім ғой, тұрсаңшы.
Аңсар: Жоқ тұрмаймын, бұл партаға мен бірінші отырдым.
Нұртілеу: Отырсаң қайтемін, сенің атың жазылып қойған жоқ қой бұл партаға?!
Аңсар: Сенің де атың жазылып қойған жоқ.Бұл менің орным, саған бермеймін.
Автор: Партаға таласқан Нұртілеу айғай салды.
Нұртілеу: Тұр дедім ғой, бұл партаға менің құқығым бар.
Аңсар: Менің де құқығым бар, саған ғана беріліп қойды дейсің бе?
Автор: Партаға таласқан Нұртілеу мен Аңсар төбелесе кетеді. Класс оқушылары аң-таң.
Төбелесті тоқтату үшін класс белсендісі Жанерке араласты.
Жанерке: Аңсар, Нұртілеу, төбелесті доғарыңдар, қазір класс жетекшіміз келгеннен кейін екеуіңнің дауларыңды шешіп береді.
Автор: Осы мезетте класс бөлмесіне класс жетекші келеді.
Мұғалім: Бұл не шу?
Жанерке: Апай, Нұртілеу мен Аңсар соңғы партаға таласып, «Менің құқығым бар отыруға» деп дауласып жатыр, қойыңдар десек те қоймайды.
Мұғалім: Нұртілеу, Аңсар сендердің бұл құқықтарың дұрыс емес.Өздеріңнің жеке бастарыңның қажетін ойлап, бір-бірлеріңе тіл тигізу адамгершілікке жатпайды.Әркім өз құқығын дұрыс түсіну қажет.Әрине сендердің әрқайсың оқуға,білім алуға,ойнауға, демалуға құқықтарың бар,бірақ барлық мәселені ақылмен шешу керек.
Автор: Сынып жетекшіміз дауды шешіп, Нұртілеу мен Аңсарға бірінші қатардағы мұғалім үстеліне жақын бір партадан орын иеленуді ұсынды, ал таласқан орын бос қалды. (Осы көрністен кейін балалардың пікірін тыңдау)
Тәуелсіз еркін ел бүгін,
Талай жыл күткен теңдігім –
Ата заңым менің.
Санама құйған таң нұрын,
Бақытым, бағым, тағдырым –
Ата заңым менің!
Тақпақтар: АЗАТ ЕЛДІҢ АР-НАМЫСЫ – АТА ЗАҢ!(АЙБАТЫР СЕЙТАҚ)
(Оқушылар кезекпен тақпақтарын оқиды)
Еліне арналатын тілегі шын,
Ей, ұлым – Отанымның түлегісің!
Іргесін туған елдің тіреп тұрған
Қадірін Ата Заңның білемісің?!
Ешкім де мін таға алмас елдігіме!
Дауласып жармаспайды белдігіме.
Бойында Ата Заңның өріліп тұр
Даламның кеңдігі де, теңдігі де!
Бағынған өз заңына жұмыр ғалам,
Сондықтан Күннен Жерім суынбаған.
Қоғамның сан саласын реттейтін
Әрбір заң Ата Заңнан туындаған.
Бастайтын болашаққа бақ кемені,
Осы жол халықтың да нақ сенері!
«Халқыма адалмын!» деп Ата Заңға
Елбасы қолын қойып Ант береді.
Болғанмен бұл Өмірде айлаң күшті,
Ел үшін кім тындырар қайран істі?!
Еліңнің дамуы мен дағдарысы
Ол-дағы Ата Заңға байланысты!
Нұр шашқан жас ұрпақтың ұғымына,
Тікелей өсер еткен ғұмырына
Айналды Ата Заңым мызғымайтын
Тәуелсіз мемлекеттің тұғырына!
Әр бабы, әр тармағы жойылмайды,
Шектеу де және тегін қойылмайды!
Келісім-шарт жасасқан барлық шет ел
Қазақтың Ата Заңын мойындайды!
Өмірден әділдік пен бақ табатын,
Құқығым қорғалды деп шаттанатын,
Өзіңдей жас өркендер келеді өсіп
«Бұл біздің – Ата Заң» деп мақтанатын!
Өркендеп өз қолына алған ісі,
Биікке қазағымның самға, құсы!
Халық боп қадір тұтып, қастерлеген
Ата Заң – Азат елдің Ар-намысы!
Сіздің құқықтарыңызды кімдер шектей алады?
Сенің ар-ұятың.
Жалпыға ортақ нормалар мен әдеп ережеелері.
Заңдар.
Осы құқық бұзушылық түрлеріне байланысты бейнежазбаға назар аударамыз.
-Сонымен қатар, балалар, әрбір адамның міндеттері де болады.
Оқушылардың пікірін тыңдау.
1-оқушы: Өз ойымды айтуға, қалаған тілімде жазуға, сөйлеуге,оқуға құқығым бар.
2-оқушы:Мен өз туып өскен жерімде тұруға,оны қорғауға, тұратын мекенімді таңдауға құқығым бар.
3-оқушы:Мен өзіме рұқсат етілген істердің бәрін орындауға құқылы мын және өзіме тиесілі заттарды иемденуге құқығым бар.
4-оқушы:Тек жақсы істерді істеуге құқылымын, жаман істерді істеуге құқығым жоқ деп түсінемін.
Мен міндеттімін:Бейнежазба
Білім алуға.
Өмір сүруге
Еңбек етуге
Денсаулық сақтауға
Өз пікірін еркін жеткізуге.
-Балалар, мысалы біз көп баратын жеріміз- кітапхана. Кітапханаға байланысты біздің құқығымыз бен міндеттеріміз қандай деп ойлайсыңдар? Соны ашып алайық.
1.Кітапхананың оқу залында әрі-бері жүріп жүрсің, өйткені сен еркіндік кұқығым бар деп есептейсің.
Жауабы:Еркін тұрып жүру құқығымыз бар, кітапханадағы тәртіпті бұзбау міндетіміз де бар. Құқық кітапхана ережесімен шектелген.
2.Оқырман залында досыңмен әңгімелесіп отырсың, өйткені сен өз бостандығыңа құқығым бар деп есептейсің.Құқығым бар ма, әлде жоқ па?
Жауабы:Сенің сөз бостандығыңа құқығың бар.Бірақ кітапхана қызметкерлерін сыйлау, оқырмандарға кедергің келтірмеу міндетін ұмытпауымыз керек.
3.Кітапханада ұялы телефон арқылы музыка тыңдап отырдың, өйткені мәдениет жетістіктерін пайдалану құқықтары бар деп есептейсің.
Балалар манадан бері біраз мәлімет алдық. Мынадай ойын ұсынғым келіп тұр «Сөздер банкісі»
«Менің құқығым бар» деп ойлайтын сөйлемдерді мына тақтаға келіп ілеміз.
Қорытынды: -Сонымен,қорытындылай келе,біз бүгін өз құқығымыз жайлы ой түйдік. Керекті мағлұмат алдық. Жаңа сөздермен таныстық. Бауыржан Момышұлы атамыз «Азамат жолы-ар жолы» деп айтқандай тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
Сагимбекова Макпал Балтабаевна, тәрбиеші
«№3 арнайы мектеп-интернаты» КММ