МАМАНДЫҒЫМ – МАҚТАНЫШЫМ

Үйден оқыту мұғалімі Буркитбаева Гульмира Анасовна

Ұстаз… Бұл ұлағатты сөздің астары мен мән-мағынасы кеңіне жайылған сөз. Ұстаздық-ұлы мамандықтардың бірі. Ұстаздың дара  еңбек жолы- өте күрделі жол. Бірақ, білім нәрін сусындатқан балапандарыңнан алғыс алу, шәкірттеріңнің өсіп, өнгенін көру ұстаздық еңбектің нағыз шыңы. Ұстаз болу, балаға тәлім-тәрбие беру-кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Әрбір баланың ыңғайын табу, оның қай бағытта дамығаны дұрыс, бойынан қандай да бір шығармашылық қабілетті ояту, оны жетілдіріп, жұлдызын жағу, пәнге деген қызығушылығын жандандыру нағыз педагогтың ұлы ісі.

Ұстаздық жолды таңдауды мен бесінші сыныптан-ақ бастадым десем артық айтпаспын. Бесінші сыныпта оқып жүргенде менің сүйікті пәнім-қазақ тілі пәні болды. Бұл пәнді аса зор қызығушылықпен оқитынмын. Содан кейін пән мұғалімі Аршагүл Жаңбырбайқызына бауыр бастым. Үнемі апайымның іс-әрекетіне еліктеп, сабақта белсенділік танытып, үздік болуға тырыстым. Содан кейін, қазақ тілінен пән олимпиадаларына қатысып, Сәбит Дөнентаев шығармашылығын зерттеумен айналысып, ғылыми жобаға қатыстым. Апайым екеуміз бастаған әрбір іс өзінің жемісін тапты. Үнемі жүлделі орындар біздің қанжығамызда еді. Бара-бара пәнге деген қызығушылығым арта түсті. Осыдан бастап өз алдыма мақсат қойдым: «Мен Аршагүл Жаңбырбайқызы сияқты мұғалім боламын!» деген арман күннен-күнге үдей берді. Ұстазымның жасаған тірліктерін көріп, әдістемелік қорын көріп, мен де апайым сияқты өзімше бір жұмыс істей бастамын. Газет-журналдардан қазақ тілінде жарияланған қызықты деректерді, жұмбақ-жаңылтпаштарды, мақал-мәтелдерді қиып алып, өзімше бір қор жасақтай бастадым. Қалың дәптер бастап, онда қазақ тілінен бар ережелерді жазып, ақын-жазушылардың өмірбаянын теріп жүрдім. Кезек бірыңғай ұлттық тестке де келді. Алдымыздағы мақсат-міндетті пәндерден бөлек, таңдау пәні бар. Мен, әрине көп ойланбастан қазақ әдебиетін таңдап алдым.

Бесінші сыныптан бері аса зор ден қоя бастаған еңбегім ақталды, зая кеткен жоқ. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының  қазақ филологиясы мамандығы бойынша білім грантын ұтып алдым. Бұл, мен үшін үлкен жетістік еді. Маған үміт артқан ең алдымен ата-анамның, ұстазымның сенімі ақталды.

Қазіргі таңда, мен Ақсу қаласының №3 арнайы жалпы білім беру мектеп-интернаты білім ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Міне, бала арманы орындалды деген осы деп білемін. Балалық шағымнан аңсаған арманым орындалды. Мен балаларға білім беремін. Дипломды қолыма ала сала осы арнайы мектепте жұмыс жасап келемін. Бұл мектепте білім алуында ерекше қажеттіліктері бар балалар оқып, тәрбиеленуде. Олардың табиғатынан жаратылысына мән бермей, басқа балалардан кем көрмей, сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру-менің қазіргі мақсатым. Әрбір баланың бойынан өзгешелікті көру, белгілі бір бағытта дамыту, жетілдіру сияқты жұмыстармен айналысудамын. Әрқайсысымен тіл-табысып, оның қыр-сырын, ішкі жан-дүниесін түсіну, білімге деген құштарлығын ояту күнделікті өмірдегі іс-әрекет болып табылады.

«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дейді. Шәкіртіңе қаншалықты бар күш-жігеріңді жұмсап, адал еңбек етсең, одан кейін оның жемісі мен жеңісін көрсең, ұстаз үшін одан асқан арман жоқ. Бұл еңбектің ақталғаны. Шығыстың ғұлама философы Әл-Фараби былай деген екен: Ұстаз, жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын,  ешнәрсені ұмытпайтын,  алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек. Меніңше, осы қасиеттердің барлығы ұстаздың бойынан табылатын болса, өркениетті елдің болашақ ұрпақтары нағыз саналы, өнегелі, адамгершілігі мол, көзі ашық, көкірегі ояу, елінің патриоты, нағыз азамат болып өседі. Мен өз мамандығымды мақтан етемін. Мен еңбегімнің жемісін шәкірттерімнің жеңісінен көремін деп үміттенемін.