«Сөйлеу тілі дамымаған балалармен жұмыс жасауда логопедтің дәстүрден тыс түзету жұмыстарын қолдану»

Адам арасында тіл табысу, сөйлеу өте маңызды. Қазіргі кездегі сөйлеу тілін дамыту әдістемесі әлеуметтік-саяси жағдайларға, білім жүйесіндегі ғылыми техникалық прогрестің жетістіктеріне байланысты жетілдіреді. Бала қоршаған ортаны танып білу, еңбекке қатынасы, өз ойын толық жеткізе білуі сөйлеу тіілімен байланысты. «Айтылмай қалған сөз жетім» демекші, қазіргі кезде логопед маманы тек қана арнаулы мекемелерде ғана емес жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сыныптарына көмегі тиері сөзсіз және бала-бақшаларға да септігін тигізеді. Соңғы кездегі әр түрлі баланың сөйлеу тіліне кесірін тигізетін экологиялық ауруларды логопедиялық түзету жұмысы арқылы түзетуге ықпал етеді.

Қазіргі кезде түрлі дәрежедегі тіл кемістіктерінің көбеюі – шешімі табылмай келе жатқан өзекті мәселеге айналып отыр. Тіл – қарым-қатынас құралы болғандықтан, бұл жағдайда тіл кемістіктері бар балаларда көптеген қиындықтар туындайды. Әр жастағы балаларда сөйлеу тілінің әр түрлі бұзылыстары кездеседі. Олардың ішінде ең көп таралған түрі – дыбыс айту кемшіліктері. Мұндай кемшіліктер өз бетінше кемістік ретінде де, сөйлеу тілінің басқа, күрделі бұзылыстарының құрамында болуы да мүмкін. Бірақ дыбыс айту кемшілігінің ең қарапайым түрін де «кемістік емес, кейін түзеліп кетеді» – деп жайбарақаттықпен қарауға болмайды. Олар балалардың өсуіне кері әсерін тигізіп, өз тілін меңгерудегі қиындықтарға әкелуі мүмкін. Кейіннен бала оқып, жазып үйренуде де, жазбаша сөйлеу тілінде көптеген қателер (дислексия, дисграфия) жіберетін болады.

Тіл кемшілігі бар балалар өздерінің кемшіліктері себепті достар таба алмай қиналады, әсіресе сөйлеуден қорқады. Ондай балалардың жалпы және ұсақ моторикалары да толық дамымайды. Өздеріне басқалар тарапынан сұрақтар қойылса, жауап беруден қашқақтап, сұрақтарды толық тыңдамай мазасызданып, әр түрлі ретсіз қимыл-қозғалыстар жасайды (басын қасу, қозғалақтау, тамағын қырнау т.б.) сенімсіз, мазасыз, жасқаншақ балаға айналады. Бұл қиындықтар бала өскен сайын тереңдей түседі.

Балалардың сөздік қорын, тіл байлығын дамыту барысында қолданылатын логопедтің әдістері:

Артикуляциялық жаттығулар – сөйлеу тілі аппаратының бұлшық еттерін шынықтыратын, оның мүшелерінің қимыл-қозғалыстарын қалыптастыратын және нығайтып, жетілдіретін арнайы іріктеліп алынған жаттығулар.

Тыныс алу жаттығулары – Сөйлеу тілін қалыптастыру үшін тыныс алу жаттығулары өте маңызды. Дұрыс тыныс алу дыбысты шығару, артикуляциялық аппаратқа, дауыстың дамуына әсерін тигізеді.

Су-джок терапия – «су джок» (корей тілінен аударғанда «су» — алақан, «джок» — табан) деп аталды. Су джок шарик және шариктің ішіндегі сақиналардың жүйелі түрде қолдануы бұлшықет тонусын жақсартады, орталық нерв жүйесінде сөйлеу аймақтарын дамытады, баланың белсенділігін жоғарылатады, танымдық және эмоционалдық-еріктік дағдыларын қалыптастырады.

Лого-ырғақ жаттығулары- бұл – әуен ырғағымен  және сөзбен үйлескен қимылдар жүйесі. Түзету  жұмыстарында  лого – ырғақтың  атқаратын маңызы зор. Себебі  музыка оқу қызметінде  үнемі лого – ырғақтың  элементтерін енгізу  тілді, жалпы моториканы және  үйлесімділікті жедел дамытуға ықпал етеді.

Ұсақ қол моторикасы-«Қол –  сыртқа шығып кеткен бас миымыз» деп И.Кант, «Қол саусақтарының ұшы – екінші ми» деп Йосиро Цуцуми айтқан бекер емес. Ата-аналар мен  тәрбиешілердің ұсақ моторикаға дұрыс көңіл бөлгені жөн. Ойындар, жаттығулар, түрлі тапсырмалар беріліп отыруы керек. Сурет салу, қайшымен жұмыс жасау,  мозайка, пазлы жинау, түймелерді тағу, шешу секілді әрекеттерді атқаруына басымдық беріледі.

Арттерапия – бұл бейнелеу өнерімен емдеу. Арттерапия арқылы тұлға бойындағы қабілетін көрсетіп, шығармашылығын шыңдайды. Арт терапияға құммен ойналатын ойындар мен  дәстүрден тыс (манка, овсянные хлопья секілді) сурет салуды жатқызға болады.

Түрлі  дидактикалық, қимылды, мазмұнды, сюжетті, рөлді ойындар  және шығармашылық жұмыстар.

Фонематикалық есту қабілеттерін дамыту. Балалардың ана тілі дыбыстарын қабылдап, ажыратуды үйрету.

Егерде бала кейбір дыбыстарды айта алмайды немесе басқа дыбыстарға алмастырса. Онда келесі әдіс- тәсілдер орындалады.

  1. Артикуляциялық жаттығулар арқылы ауыз аппаратын дайындаймыз.
  2. Кейін Дыбысты шақыру кезеңі (еліктеу).
  3. Дыбысты механикалық жолмен қою (еліктеу арқылы қойылмаған жағдайда).
  4. Дыбысты бекіту кезеңі.

А) Дыбысты буында машықтандыру

б) Дыбысты сөзде айтуға машықтандыру

в) Дыбысты сөйлемде айтуға машықтандыру

г) Дыбысты еркін сөйлеу тілінде айтуға машықтандыру.

  1. Бекітілген дыбысты басқа дыбыстан ажыратуға үйрету кезеңі.

Сөйлеу тілін қалыптастыру жағдайына ата-аналар жиі қатысса, логопед пен баланың жұмысына оң әсер етеді.Ата-аналар дабыл қағып үнемі ізденісте болған жағдайда ғана нәтиже шығатыны белгілі. Сол себепті логопедттің ұсыныстарын, берілген инструкцияларын бұлжытпай орындау керек.

 

 

Логопед: Тусупбекова Д. Е.